Аз қамтылған отбасы мүшелеріне көрсетілетін көмек

Елімізде халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдауды назардан тыс қалдырған емес. Үкімет үнемі әлеуметтік жаңғыру үдерісін қолдап, жәрдемақы, зейнетақы мен шәкіртақыны ұдайы өсіріп келеді. Әсіресе былтыр жарияланған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінен кейін әлеуметтік бағытты нығайту шаралары тіптен қарқын алды. Ал ақпан айында өткен Nur Otan партиясының кезекті ХVIII съезінде Елбасының нақты тапсырмалар беруі әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарды қорғаудың жаңа кезеңін бастап берді.

Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шаралары өңірімізде де белсенді түрде іске асырылып жатыр. 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап Жарма ауданы бойынша 1085 отбасына атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалды. Бұл көмек көптеген аз қамтылған және көп балалы отбасылардың материалдық жағдайын түзеуіне оң ықпал етті.

Сонымен бірге атаулы әлеуметтік көмекке өтініш білдірген азаматтар арасында жұмыспен қамтудың белсенді шаралары қабылданып, осының негізінде қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік жұмыс орындарына, қысқа мерзімдік кәсіптік оқытуға, тұрақты жұмыс орындарына, кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға жіберілді. Сондай отбасылардың бірі Бірлік ауылының тұрғыны, атаулы әлеуметтік көмек алушы көпбалалы әке Жолбан Қалиғазы, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының ІІ бағыты аясында «Бастау Бизнес» жобасымен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы ірі қара мал өсіру мақсатында  микронесие алды. Қазіргі таңда, ол жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 5 ірі қара мал басын сатып алып, кәсібінен несібесін көрмек.

Сондай-ақ, бүгінгі күнге 18 аз қамтылған көпбалалы отбасы мүшелері жаңа бизнес-идеяларды іске асыру мақсатында 200 айлық есептік көрсеткіштен (200 АЕК) мемлекеттік қайтарымсыз грантты иеленді. Ұсынылған жобалардың негізінде тігін цехы, мал өсіру, темір өнімдерін өндіру, ешкі өсіріп сүтін сату кәсіп көзін дамытпақ.

Олар бүгінгі таңда жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көруде.