Өткен аптаның соңында аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин Ақжал ауылдық округінің тыныс-тіршілігі мен кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Ауылдық-аумақтық бірліктің орталығы болып табылатын Жаңаөзен ауылына ат басын тіреген өңір басшысы мұндағы К. Шәкенов атындағы орта мектепте, «Мейірім» спорттық-сауықтыру лагерінде және жергілікті дәрігерлік амбулатория мекемелерінде болып, жергілікті әкімдіктің жұмысымен танысты.
Келер жылдан бастап лагерь жұмысын жетілдіру, ғимараттың ішкі бөлмелерін оңтайландыру, дәрігерлік амбулатория ғимаратын қоршау және көгалдандыру жөнінде тапсырма берді.
Ақжал ауылына жасаған сапарында «АС Горняк» ЖШС-да болып, жалпы сапарын қорытындылай келе округ әкімі Нұрлыбек Алиясовқа жергілікті тау-кен кәсіпорындарымен ішкі жолдарды тегістеу, құлаған ғимараттардың орнын тегістеуге жұмылдыру жөнінде міндеттеме жүктеді.
Осы сапары барысында аудан басшысы 8-март ауылында болып, мұндағы Балықтыкөл негізгі мектебінің жұмысын назарға алды.