Аптаның төртінші жұмыс күні аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин жұмыс сапарымен Үшбиік және аршалы ауылдық округтерінде болып, аумақтық бірліктердің тыныс-тіршілігімен танысты.
Үшбиік ауылына жасаған сапары барысында өңір басшысы мұндағы барлық әлеуметтік нысандарда болып, еңбек ұжымдарымен және ауыл ақсақалдарымен кездесті. Жергілікті дәрігерлік амбулаторияда күндізгі стационар бөлімін ашу жөнінде мәселе көтерді. Сонымен қатар, ветеринарлық пункт мамандарына малды қолдан ұрықтандыру ісін жетілдіру жөнінде нақты тапсрма берді.
Аршалы ауылдық округімен танысу сапарын ең алдымен асыл тұқымды ірі қара өсіру ісін жақсы жолға қойып келе жатқан «Болашақ» шаруа қожалығынан бастады. 2014 жылдан бастап қалыптасқан шаруашылықтың қолға алған және бастамалы жұмыстарын оң бағалаған аудан әкімі, шаруашылықты ірілендіру мақсатында ауыл шаруашылығы кооперативін құру жөнінде ұсынысын жеткізді.
Аршалы ауылына ат басын тіреген аудан басшысы жергілікті әкімдік, мектеп және медицина мекемелерімен танысып, жауапты мамандармен жұмыстарын пысықтады.