Қоғамның әлжуаз топтарын қолдау мақсатында елімізде кешенді жұмыс қолға алынуда. Оның ішінде көп балалы отбасыларға қамқорлық таныту мақсатында жүйелі жұмыстар жүзеге асуда. Осы бағыттағы жұмыстар Жарма ауданында жарасымын тауып, аптаның бесінші жұмыс күні екі отбасы баспаналы болды.
Қалбатау ауылында тұрғын үйге қол жеткізген жанұяның бірі - Ырыздық Шайдың отбасы. Бірнеше жыл іргесі жерге сіңіп ескірген тұрғын үйдің екі бөлмесін паналап келген жанұяда бүгінде бес бала өсіп келеді. Жанұяның жағдайын назарға алған жергілікті атқарушы билік, қамқорлық танытып, аудан орталығынан төрт бөлмелі баспананың кілтін табыс етті.
Салтанатты шарада аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин, Елбасының, Мемлекет басшысының және облыс әкімінің тапсырмаларына сәйкес көп балалы жанұялар мен мүгедек жандарды қолдау бағытында жұмыс ары қарайда жалғасымын табатындығын жеткізді. Яғни, әлеуметтік жағдайлары қорғалмаған аталмыш санатты жандар тізімі бекітіліп, жұмыс жоспары қалыптасқандығын жеткізді.
- Біздер үшін арман болған күн, бүгінде атқарушы биліктің араласуымен ақиқатқа айналып отыр. Бізді қолдап, қамқорлық танытуда еңбек еткен барша азаматтарға алғысымды білдіремін,- деді Шай Ырыздық.
Дәл осы күні Суықбұлақ кентінде Дәулет Жақсыбаевтың жанұясыда ауыл орталығында орналасқан еңселі тұрғын үйге қол жеткізді. Үш бала тәрбиеленіп келе жатқан жанұяның үлкені Арманның қимыл қозғалысы қиын болғандықтан, уақытылы дәрігерге қаратуда қыс және көктем мезгілдерінде көптеп қиындыққа тап болып келген.
Жанұяның әлеуметтік ахуалын ескере отырып, Арманның уақытылы ем алып, дәрігерлердің қарауында болуына қолайлы жағдай жасау мақсатында баспанамен қамтамасыз ету шешімі қабылданған.
Тұтастай ауыл халқының қатысуымен өткен салтанатты шарада аудан басшысы Арман Жақсыбаевтың қолына баспана кілтін табыс етті.
Кәріз жүйесі тартылып, барлық жағдайы жасалған және ең бастысы жергілікті дәрігерлік амбулаторияға жақын орналасқан тұрғын үйге қол жеткізген Арман Дәулетұлы, қамқорлық танытып, жағдай туғызып отырған атқарушы билікке риясыз алғысын жеткізді.