Құтқарушы мамандығы!

Әр адам ерікті түрде жаны қалаған мамандыққа ие бола алады. Ал шынайы кәсіби мамандардың бағасы әрқашан да құнды! Ерлігі мен экстрим қатар жүретін ержүректілердің мамандығының бірі – құтқарушы.

Біздің елімізде құтқарушы мамандығына сұраныс көп. Құтқарушылар бұл – адам баласына су тасқыны, табиғи апаттарда, өрттерде алғашқы боп көмек қолын созатын, тіпті қажет жағдайда медициналық көмек көрсететін азаматтық қорғаудың қызметкерлері. Бұл қайсар мамандар қиын кезде адам өмірін сақтап қалуға барларын салады. 

Құтқарушылар еліміздің кез келген жеріне тәулігіне 24 сағат бойы көмекке келуге даяр. Олар санаулы минуттарда теракт, табиғи апаттар, катастрофа орнына келіп жетеді. Кәсіби мамандар сол сәтте-ақ жағдай мен апат көлеміне баға бере алады. Қысқа уақыт аралығында олар адамдарды эвакуациялауды, алғашқы медициналық көмекті ұйымдастырып, үйінділер астынан зардап шеккендерді алып шығады. Бұл өжет мамандар түрлі апат салдарын тезірек жоюға барынша күш салады.

Алайда құтқарушылар жаһандық апаттар мен көлемді апаттар орнында ғана жұмыс жасамайды. Оларды қайғылы жағдайға тап болып, өздіктерінен шыға алмай қалған адамдар да шақырады. Мәселен, құтқарушылар су айдынынан құтқаруға, шатырдан түсіруге, ордан шығару, улы заттармен уланған кезде көмектесуге шығып жатады.

«Құтқарушы» мамандығының бір ерекшелігі – мамандар тек қалада ғана емес, одан тысқары жерлерде де жұмыс жасай алады. Олар орманда адасқандарды құтқарып, қар көшкіні өткеннен кейін таудан шаңғышыларды іздейді, суда батқандарды шығарып алады, мұз үстінде қалған балықшыларға көмектеседі.

Біздің Республикада құтқарушыларды арнайы дайындайтын бір ғана ЖОО бар. Ол Ішкі істер министрлігінің ведомстволық оқу орны болып табылатын Төтенше жағдайлар комитетінің Көкшетау техникалық институты.
Курсанттарды оқыту республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады.

Курсанттар барлық оқу мерзімі бойы тегін нысанды киіммен, тамақпен және мемлекеттік шәкірақымен қамтамасыз етіледі.

Институтта күндізгі оқу курсын, яғни 4 жылды толық аяқтаған тұлғалардың оқу уақыты мерзімді жауынгерлік қызметтен өткенмен теңестіріледі. Түлектерге «азаматтық қорғау лейтенанты» атағы беріліп, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар комитетінің аумақтық органдарына жолданады.

Жарма ауданы ТЖБ-і