Сейсенбі күні аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин өңірлермен танысу жұмыс сапарын Әуезов кенті мен Шалабай ауылдық округтерінде жалғады. Өңір басшысы «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорыны» ЖШС-ның жұмысымен танысып, кен байыту фабрикасының жұмысымен қатар, кәсіпорынның болашақ жұмыс жоспарларын пысықтады.

Өңір басшысы кенттегі бірқатар әлеуметтік нысандарда болып, мешіт ғимаратында аралап көрді. «Арман» жастар шығармашылық орталығында жастармен кездесіп, Бақыршық орта мектебінің және «Аққу» бала-бақшасының жалпы жағдайына көңіл бөлді. 

Шалабай ауылына жасаған сапары барысында жергілікті мектеп, дәрігерлік амбулатория мекемелерінде болып, «Шалабай» ЖШС-ның жастар жылына орай ашқан жаттығу залын аралап көрді. Сондай-ақ, аудандағы асыл тұқымды ірі қара өсіруші шаруашылықтың бірі болып табылатын «Шалабай» асыл тұқымды мал зауытының жұмысымен танысты. Жұмыс сапарын қорытындылаған аудан әкімі, тиісінше жергілікті әкімдіктер мен мекеме басшыларына нақты міндеттемелер мен бірқатар тапсырмалар берді.