Әуенді су бұрқақтың ашылу салтанаты өтті

Жарма ауданы Қалбатау ауылындағы орталық алаңда  әуенді су бұрқақтың ашылу салтанаты өтті. Аталған шара су бұрқақтың ашылуына арналған шоудан бастау алды. Келген қонақтардың барлығы көрсін деген мақсатпен шоу екі рет қайталанып, сағат 20.30-да және 21.30 – да іске қосылды.  Әуенді су бұрқақтың ашылуына аудан орталығының мыңдаған тұрғыны жиналды. Су бұрқақтың ашылу салтанатының алдында  жиналғандар балаларға арналған сыйлықтары бар ойын-сауық бағдарламаларын тамашалап,  роликтер, гироскутерлер, спидейлермен сырғанап, аквагриммен жұмыс жасайтын шеберлердің туындыларын қызықтады. 

Сонымен қатар келген қонақтарға аудандық Мәдениет үйінің өнер ұжымдары арнайы  әзірлеген концерттік бағдарламаларын ұсынып, әр округтен келген бишілер жұрттың көңілін көтерді.

Аудан орталығының тұрғындары мен белсенді жстар құттықтау сөз сөйлеп,  іске қосылып отырған әуенді су бұрқақтың аудан орталығы Қалбатаудың көркін арттырып тұрғанын тілге тиек етті.  

Жаңа субұрқақ екі тостағаннан тұрады. Үлкенінің диаметрі 20 метрді құрайды. Су бұрқақтың қуаттылығы 200 субүріккіштен құралып, ең биік су бүріккені 12 метрге дейін жетеді.  Әуенді су бұрқақ  түрлі-түсті жарықпен жарықтандырылып, әуенмен сүйемелденгенде ерекше көркем   түрлерге еніп, көздің жауын алады.