Құрметті жармалықтар!

Бүгін біз көктемнің тамаша мерекелерінің бірі – достық пен жасампаздықтың шынайы символына айналған Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтеміз.
Барлық ұрпақ өкілдерінің жанына жақын осынау мереке жалпыхалықтық атауын иеленуге толық құқылы. Аға буын үшін ол еңбектегі ынтымақтастықтың рәмізіне айналса, жастар үшін - табиғат пен адамның жасампаздық қуатын көрсетер көктемнің көркем келбеті. Біздің әрқайсымыздың жақсылыққа құштар болуымыз өзара түсіністік пен келісімнің негізін қалайды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы: «Бірлік пен тұтастық – бұл қоғамның басты құндылықтары. Соның арқасында, біз экономиканы көтердік, азаматтардың әл-ауқатын арттырдық, елдің болашағын көрсеттік. Біз «Қазақстан – 2030» Стратегиясын мерзімінен бұрын орындауға қол жеткіздік. Біздің бүгінгі күнгі бірлігіміз – жаңа «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асырудың шешуші факторы.
Қазіргі таңда біздің республикамыз тұрақтылық пен бейбіт ғұмырды сүйгіштіктің үлгісі іспетті. Бүкіл әлем біздің елдің өркен жая түскен қуатын көріп отыр және Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы маңызды әрі жауапты орнын мойындайды» деп айрықша атап өтті.
Бұл мереке Жарма ауданының көпұлтты тұрғындары үшін өзара түсіністік пен сыйластықтың символы, өздерінің болашағына деген сенімінің кепілі болып табылады. Аудандағы барлық этнос өкілдері  қоғамдағы өзара түсіністікті, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға үлес қосып келе жатқаны күмәнсіз.
Құрметті жерлестер!
Сіздерді Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен  шынайы  пейілмен құттықтаймыз!
Баршаңызға мықты денсаулық, көктемге тән көтеріңкі көңіл-күй, жасампаз еңбектегі толайым табыс, шаңырақтарыңызға бақыт пен сарқылмас несібе тілейміз. Біздің ғажайып жерімізде үнемі бейбітшілік, халықтар арасындағы достық пен түсіністік үстемдік құра берсін!