|
Жаңалықтар
Аудандық мәслихат хатшысы Д.Садықовтың Шар қаласындағы Бүркітов Төлеуғазы Молдағалиұлы атындағы көшенің ашылуында сөйлеген сөзі
Құрметті ағайын! Жарма ауданының және Шар қаласының 80жылдық мерейтойларынан кейінгі есте қалатын елеулі оқиғалардың бірі ретінде Жарма ауданынан шыққан тұлға Төлеуғазы Молдағалиұлы Бүркітовтың тұғанына 70 жыл болуына байланысты Шар қаласының бір көшесіне марқұмның аты беріліп, ескерткіш тақта орнатылып, ашылу салтанаты болмақ.
Әлбетте, бұл өте орынды шешім, Төкеңе деген лайықты құрмет деп білеміз. Бұл тірілердің ісі, бірге қызметтес болған әріптестерінің, шәкірттерінің, ұрпағының өнегелі ісі деп ұғынамыз. Баршаңызды осы қуанышты күнмен аудан басшылығы, жалпы жұртшылық атынан шын жүректен құттықтап, берекеміз нығая түссін демекпін. Т.М.Бүркітов қатардағы маман-инженер қызметінен ауданның бірінші басшысы лауазымына дейін көтерілген азамат. Ол оның білімділігі мен ізденімпаздығы, ойлылығы мен тума таланттылығының дәлелі екендігі айдан анық. Бүркітовтың ұйымдастыру таланты Шар аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланған шақта мейлінше ашыла түсті. Көпсалалы аудан шаруашылығына партиялық басшылық ету өте жауапты және ауыр міндет еді. Бұл сыннан Әзекеңнің (Әзімхан Сәдуақасұлының) істеп кеткен қызметтерін жалғастырған Төкең сүрінбей, абыроймен өтті. Соңынан 1994 жылға дейін Шар ауданын басқарды, қалыпты басқарды. Қазақстан егемендік алып еркін де ерікті Қазақ мемлекетін құрған кезде жас мемлекеттің іргетасын қалауда қыруар жұмыс атқарды. Жарма ауданының құрметті азаматы, патриот, өрелі сөзі мен ісі бар Төлеуғазы Бүркітовтың есімі халықтың жадында ұзағынан сақталмақ.
|